Бет-жүзді тұмшалауға тыйым: полицейлер түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салатын жаңа заңнамалық нормаларды халыққа түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Еске сала кетсек, жаңа талаптар 12 шілдеден бастап күшіне енген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және азаматтарды құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтай отырып, еркін әрі кедергісіз сәйкестендіруді қамтамасыз ету.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларының түсіндіруінше, тыйым салу адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мәселен, маска немесе никаб сияқты киімдерге тыйым салынады. Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира және өзге де бас киімдер аталған шектеуге жатпайды.
Сонымен қатар бет-жүзді жабуға объективті себептер болған жағдайда шектеу қолданылмайды. Бұл – ауа райының қолайсыздығына, медициналық қажеттілікке, қызметтік міндеттерді орындауға немесе мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайлар.
Бұдан бөлек, кездесулер барысында полицейлер тұрғындарға өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жөнінде, соның ішінде интернет-алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен одан қорғанудың жолдары туралы ескертіп өтуде.