Павлодарда полицейлер зейнеткерлерге кибералаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді
Павлодарда полицейлер зейнеткерлермен кездесу өткізіп, кибералаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, өңір зейнеткерлерімен профилактикалық кездесу өткізді.
https://youtube.com/shorts/I1ocwzcEKI0?si=QzLa0VzXXN3kwxmc
Шара барысында егде жастағы азаматтар жиі ұшырасатын алаяқтықтың кең тараған түрлері сөз болды. Әсіресе телефон және интернет арқылы жасалатын қылмыс схемаларына тоқталып, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау әдістері түсіндірілді.
Полицейлер қатысушыларға бейтаныс қоңыраулар мен хабарламаларға абай болу қажеттігін, антивирустық бағдарламаларды қолданудың маңызын еске салды. Сонымен қатар алаяқтық белгілерін тану және күдік туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігі бойынша практикалық кеңестер берілді.
Кездесу барысында зейнеткерлер өз тәжірибелерімен, киберқауіпсіздікке қатысты туындаған сұрақтарымен бөлісті. Алған білімдерін бекіту мақсатында полицейлер қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратып, ондағы кеңестер азаматтарға интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтауға көмектесетіні айтылды.
– Мұндай профилактикалық кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, алаяқтықтың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл шаралар облыстың әртүрлі санаттағы азаматтарын қамтып, тұрақты түрде өткізілетін болады, – деп атап өтті полиция департаментінің өкілдері.