Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында пробация қызметі әлеуметтік қолдау шараларын жүргізді

Маңғыстау облысында пробация қызметі әлеуметтік қолдау шараларын жүргізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұнайлы аудандық пробация қызметінің қызметкерлері прокуратура, полиция, отбасын қолдау орталығы, білім бөлімі және қайырымдылық қорының өкілдерімен бірлесіп, пробация есебінде тұрған тұлғалардың үйлеріне барып, олардың тұрмыстық жағдайын тексерді, әңгімелесу жүргізді.

Сонымен қатар пробация қызметі, отбасын қолдау орталығы мен “Біз адамбыз – біз біргеміз” қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі “Мектепке жол” акциясы аясында мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары салынған рюкзактар табыс етілді.

– Біз Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Көптеген әлеуметтік іс-шара ұйымдастырдық. Биылғы “Мектепке жол” акциясына да өз үлесімізді қостық, – деді Қайырымдылық қорының директоры Иманғазы Досмұханбетов.

Аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұрлан Надиров та өз пікірін білдірді.

– Бұл игі бастама әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар үшін ерекше маңызға ие. Пробация қызметінің басты міндеттерінің бірі – есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Балалардың жаңа оқу жылын қуанышпен бастауы – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру