Ұлытау облысында білім беру мекемелері маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілді
Ұлытау облысында білім беру мекемелері маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының қарсаңында Ұлытау облысында білім ошақтары маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді тексеріс жүргізілді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Асхат Дүйсембековтің жетекшілігімен Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы мектептер мен колледждердің маңында жол белгілері, бағдаршамдар мен жарықтандыру құралдарының жай-күйі назарға алынды. Тексеріс жұмыстарына жол-патрульдік полиция қызметкерлері, коммуналдық шаруашылық өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары тартылды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған олқылықтарды жою үшін тиісті мекемелерге елуге жуық нұсқама берілді. Қауіпсіздікті күшейту шаралары аясында білім беру ұйымдарының жанында 14 проекциялық жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, жаңа бағдаршамдар орнатылды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыс көлемінде алты жүзге жуық жол белгісі қойылған.