Ата Заңымыздың төл құрдасы – кинолог Жасұлан Елеуов
Атырау қалалық полиция басқармасының инспектор-кинологы, полиция старшинасы Жасұлан Елеуов – Ата Заңымызбен құрдас жас маман. Конституция қабылданған жылы туған ол бүгінде сенімді серігі – қызметтік ит Астимен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, талай қылмысты әшкерелеп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қалалық полиция басқармасының кинология қызмет тобының кіші инспекторы Жасұлан Елеуов – еліміздің Конституциясы қабылданған 1995 жылы дүниеге келген азамат.
Жасұлан 2010-2013 жылдары Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжінде “Есеп және аудит” мамандығын меңгеріп, оқуын сәтті аяқтады. Сол жылы әскерге шақырылып, Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонында Отан алдындағы борышын өтеді. Әскери қызметтен кейін ішкі істер органдарына жұмысқа тұруға ниет білдіріп, тестілеу мен дене даярлығы сынақтарын ойдағыдай тапсырып, 2016 жылдың мамыр айынан бастап полиция қызметінде еңбек ете бастады. Бүгінде ол кинология қызметінің инспектор-кинологы ретінде қызмет атқарып жүр.
Жасұланның қызметтегі сенімді серігі – еуропалық овчарка тұқымынан шыққан Асти атты ит. Үш жылдан астам уақыт ішінде бұл жұп түрлі қылмыстарды ашып, ұрлық пен тонау деректерін әшкерелеп, із-түссіз жоғалған адамдарды табуға үлес қосты. Соның бір дәлелі – Исатай ауданында екі күн бойы жоғалып кеткен тұрғынды Астимен бірге аман-есен тауып, туыстарына табыстаған сәті.
Кәсіби қызметімен қатар, Жасұлан бала кезінен бокс спортын серік еткен. Әр жылдары түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған ол бүгінде де бос уақытын осы спортқа арнайды. Сонымен қатар табиғат аясында демалып, балық аулауды ерекше жақсы көреді.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – әр қазақстандық үшін ерекше мәнге ие мереке. Ал мен үшін бұл күннің орны бөлек, себебі мен Ата Заңымыз қабылданған жылы дүниеге келдім. Конституция – тәуелсіздігіміздің тұғыры, еліміздің тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі. Ата Заңымыздың “төл құрдасы” болу – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Жасұлан Елеуов.
Конституция күні қарсаңында күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жүрген Жасұлан Төремұратұлы барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, әр отбасына амандық, береке-бірлік пен мықты денсаулық тілейді.