Көліктегі ПД-да гарнизондық саптық байқауы өтті
Еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесі қарсаңында көліктегі полиция департаментінің алаңында гарнизондық саптық байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Гарнизондық байқауды департамент бастығы Айдос Рыспаев жеке өзі өткізіп, полиция қызметкерлерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығын тексерді. А.Рысбаев тәртіп сақшыларын осы күні басталған республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында жұмысты күшейтуге бағыттады.
Сондай-ақ ол жеке құрамға ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жедел кеңесте берген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Іс-шараға департамент қызметкерлері және әскерилендірілген теміржол күзеті құрамынан құралған қосымша күштер қатысты. Сапқа тұрған тәртіп сақшылары саптық дайындық пен командаларды нақты орындау шеберлігін көрсетті.
Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін А.Рыспаев қызметкерлердің қызметке дайындығын, формалық киім үлгісін және қызметтік куәліктердің талаптарға сәйкестігін тексерді. Өткізілген байқау полиция қызметкерлерінің мемлекеттік мереке кезіндегі қызметке толық дайын екенін көрсетті.
- Мұндағы жетістік – барлық қызметтің нақты әрі үйлесімді әрекетіне, дұрыс шешім қабылдау мен жағдайды сауатты сараптай білуге тікелей байланысты. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыспен күресу және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту. Сайып келгенде, "Заң мен тәртіп" қағидасы – өзінің және өзгенің қауіпсіздігін ойлайтын әрбір адамның жауапкершілігі, – деді көліктегі ПД бастығы.
Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды. Онда қызметкерлер сап түзеп, жинақылықтарын, саптық даярлықтарын және жоғары тәртіптерін көрсетті. Айта кетейік, гарнизондық байқаулар департаменттің барлық желілік бөлінісінде өткізілді.