ШҚО-да есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл кеңесі жаңа мүшелермен толықты
ШҚО-да есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл кеңесі жаңа мүшелермен толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті жанында жұмыс істейтін есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің басты мақсаты – полиция, қоғамдық ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдерінің күшін біріктіріп, есірткі қатеріне қарсы жүйелі іс-қимыл жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Бүгін кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданып, оларға мүшелік куәліктер табысталды. Марапатталғандар қатарында "Самға" жеке театрының директоры Әлия Көңілханқызы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокс және кикбоксингтен халықаралық жарыстардың жүлдегері, "Алик Бокс Тим" бокс клубтары желісінің директоры Александр Милейко, сондай-ақ "Жастар рухы" жастар қанатының облыстық филиалының кеңесшісі Эльмира Нұрсейітова бар.
Сонымен қатар кеңес жұмысына белсенді атсалысып, айрықша үлес қосқан Қорлан Тұғамбаева мен Айдос Әділбеков Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұған қоса, бірқатар кеңес мүшелеріне полиция департаменті басшылығының алғыс хаттары тапсырылды.
Кеңес отырысында ШҚО ПД бастығының уақытша міндетін атқарушы Алмаз Төкенов ұйым жұмысының басты мақсаты тек талқылау емес, нақты нәтижеге бағытталған шаралар қабылдау екенін атап өтті:
- Жұмысымыздың негізгі бағыты – профилактика. Әсіресе жастар мен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға ерекше назар аударуымыз қажет. Барлық іс-қимылымыз “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында құрылуы тиіс, – деді ол.
Кеңес мүшелері де пікір білдіріп, ортақ міндетті айқындады. ҚР ІІМ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Данил Аитов:
- Қоғамды салауатты әрі қауіпсіз болашаққа жетелейтін локомотивке айналуымыз керек. Бірлесе әрекет еткенде ғана есірткінің таралуын тоқтатып, халықты дұрыс бағытқа бағдарлай аламыз, – деп атап өтті.
Биылғы жылдың басынан бері облыста полиция қызметкерлері есірткі айналымына қатысты 181 қылмыстық құқық бұзушылықты әшкерелеген. Оның ішінде 76 есірткі сату дерегі анықталып, 20 фито зертхананың жұмысы тоқтатылған. Заңсыз айналымнан 112 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 2 келіден аса синтетикалық заттар бар.
Сонымен қатар ақпараттық кеңістіктегі жұмыс та күшейтілген. "Кибернадзор" жүйесінің көмегімен психобелсенді заттарды жарнамалаған және өзге де зиянды контент таратқан 860-тан астам интернет-ресурс пен боттар бұғатталды.