Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Құқық қорғау саласындағы адал қызмет иесі

Павлодар қалалық Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бейбіт Серкенов – қызметіне адалдығымен танылған тәртіп сақшысы. Конституция құрдасы атанған ол күн сайын тұрғындардың қауіпсіздігін қорғап, құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Конституциясымен бір жылы дүниеге келген тәртіп сақшысы Бейбіт Серкенов өз өмір жолын жауапкершілігі жоғары сала – ішкі істер органдарындағы қызметке арнауды таңдады. Ол 2015 жылдан бастап құқық қорғау органдарында еңбек етіп келеді, ал 2019 жылдан бері Павлодар қалалық Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы болып қызмет атқарады. Бүгінде ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті сақтау жолында күн сайын аянбай еңбек етуде.

Учаскелік инспектордың міндеті – тек заң талаптарының орындалуын бақылау ғана емес, сонымен қатар адамдармен тығыз қарым-қатынас орнату. Күн сайын Бейбіт Серкенов азаматтардың өтініштерін тыңдап, құқық бұзушылықтардың алдын алу, профилактикалық әңгімелесу жүргізу және түрлі қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсету бағытында ондаған мәселелерді шешуге атсалысады.

– Қызмет ету және қорғау – бұл жай ғана сөз емес, менің әр күнгі жұмысымдағы басты қағидам, – дейді ол.

Тәртіп сақшысы тұрақты түрде рейдтерге қатысып, тұрғындармен кездесулер мен жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізеді, әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ тұрмыстық жанжалдар мен алаяқтық деректерінің алдын алуға ерекше назар аударады. Кәсібіне адалдық пен жауапкершіліктің арқасында ол өз учаскесіндегі тұрғындардың құрметі мен сеніміне ие болған.

Жігерлі де мақсаткер полицей – елдің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын нағыз азамат. Бейбіт Серкенов – Отанға адал қызмет етудің, заңды құрметтеудің және кәсібилікті күнделікті ісімен дәлелдеудің жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру