Алматыда полиция бір тәулікте бірнеше қылмысты әшкереледі
Алматыда полиция бір тәулікте бірнеше қылмысты әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында 26 тамыздан бастап республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Іс-шараның алғашқы күні-ақ полицейлер "ізін суытпай" 24 қылмыстың бетін ашты.
Әшкереленген құқық бұзушылықтардың қатарында ұрлық пен алаяқтық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізу деректері бар. Сонымен бірге тәртіп сақшылары бұрын жасалған 14 қылмысты ашып, іздеуде жүрген 9 адамды қолға түсірді. "Нелегал" санатында есепте тұрған 13 адам да анықталды.
Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға айрықша назар аударуда. Тәулік ішінде осындай 1 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген, олардың басым бөлігі – қоғамдық орындарда алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылықтар.
– "Профилактика жылы" аясында полиция қызметкерлері Мемлекет басшысының "Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа алып әрекет етуде. Басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінуі және қалада тәртіптің сақталуы біз үшін аса маңызды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
"Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы 28 тамызға дейін жалғасады.