Ақтөбеде ауыл тұрғынынан 56 келі марихуана тәркіленді
Ақтөбеде ауыл тұрғынынан 56 келі марихуана тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәртөк ауданының полицейлері ҰҚК аудандық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, "Қарасора" және "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шаралары аясында аудан ауылдарының бірінде тұратын азаматтың есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін екенін анықтады.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында үй ауласындағы жер учаскесінен 148 түп өсімдік табылып, тәркіленді. Сонымен қатар үй ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған шелек те тәркіленді.
Тағайындалған сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар есірткі заты — марихуана болып табылады, жалпы салмағы 56 келі.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Сату мақсатын көздемей, есірткі заттарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Қазіргі таңда тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.