Қостанайда полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды жалғастырып жатыр
Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мас күйде жасалатын қылмыстарға қарсы күрес жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкогольді шамадан тыс тұтыну – халық денсаулығына елеулі қатер төндіреді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етеді. Алкогольдік қылмыстардың деңгейін төмендету үшін полиция кешенді профилактикалық шараларды қабылдап жатыр.
Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Аманжол Байзақовтың айтуынша, жүргізілген шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйінде жүру деректері бойынша 13,5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 3 мыңнан астамы қайталама құқық бұзушылық жасаған.
2 мыңнан астам азамат әкімшілік қамауға алынса, тағы бірқатарына қатысты алкогольді қолдануға сот арқылы тыйым салу тәжірибесі енгізілуде. Мәселен, биылдың өзінде 2 900-ден астам адамға осындай шешім шығарылып, олар полиция есебіне қойылған.
Сонымен қатар құқық бұзушыларға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленуде. Атап айтқанда, жәбірленушілермен байланыс орнатуға шектеу қойылады, қару алып жүруге тыйым салынады, сондай-ақ мәжбүрлі психокоррекция қарастырылады. Маңыздысы — егер сот шешімін қайта бұзса, заң бойынша 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылады.
- Тек биылдың өзінде осы бойынша 3 мыңнан астам адам қамауға алынды, – деді Аманжол Байзақов.
Сондай-ақ полиция маскүнемдіктен мәжбүрлі емдеуді бастамашы болуда. Жыл басынан бері 334 адам емдеуге жіберіліп, тағы 273 адам арнайы мекемелерге жатқызылды.
Алкогольді заңсыз сатуға бақылау жүргізілуде. 8 айда 252 заң бұзушылық анықталып, 104 лицензия уақытша тоқтатылды, 8 кәсіпкерлік субъектісі лицензиядан толық айырылды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық және облыстық іс-шаралар ("Маскүнем", "Есептегі тұлға", "Тұрмыс" және басқалары) тұрақты өткізіледі. Демалыс және мереке күндері өңірде "Біртұтас профилактика күні" акциясы өтеді — полиция әлеуметтік қызметкерлермен бірге тұрмыстық жанжал қаупі бар отбасыларды аралап, әңгіме жүргізеді, қажет жағдайда бірден араласады. Алкогольдік қылмысқа қарсы күрес пен оның салдарын болдырмау жұмыстары жалғастырылады.
Полицияның негізгі мақсаты — профилактика, ерте анықтау және уақытылы әрекет ету, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтуде. Өңір полициясының бөлімшелерінде бұл бағытпен 62 қызметкер жұмыс істейді, оның 54-і — аудандық және қалалық деңгейде. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін Қостанай, Рудный және Қостанай ауданында арнайы тергеу бөлмелері жұмыс істейді. Мұнда әйелдер мен балалар тергеу әрекеттері кезінде өздерін қауіпсіз сезіне алады. Өңір аумағында зорлық-зомбылық құрбандарына арналған үш дағдарыс орталығы бар: Арқалықта, Рудныйда және Лисаков қаласында.
Жыл басынан бері бұл орталықтарда 47 адам, оның ішінде 32 бала уақытша баспана тапты. Сондай-ақ сенім телефондары арқылы 80-нен астам кеңес берілді. Полиция тұрмыстық жанжалдар туралы түскен сигналдарға белсенді әрекет етуді жалғастыруда. 8 айда 3147 хабарлама келіп түсті .
Тұрмыстық жанжалдардың себептері бұрынғыдай — алкоголь мен есірткіні шамадан тыс қолдану, қызғаныш, қаржылық қиындықтар, қамқоршылыққа қатысты мәселелер және туыстардың ықпалы.
1 800-ден астам отбасыға жүргізілген сауалнама мен талдау нәтижесінде шамамен 100 отбасы жоғары қауіп аймағына жатқызылды.
- Олар ерекше бақылауға алынып, уақытылы көмек көрсетілді, – деді Қостанай облысы ПД-ның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің басшысы Мәдина Валиева.
Профилактикалық шаралар қатарында республикалық және облыстық акциялар өткізу ("Тұрмыс", "Маскүнем", "Есептегі тұлға", "Қазақстан — тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз ел"), әлеуметтік қызметкерлер, учаскелік инспекторлар және дәрігерлер қатысатын мобильді топтардың жұмысы, қауіп төндіретін отбасыларды күнделікті бақылау, агрессорлармен және жәбірленушілермен түсіндіру жұмыстары.
Жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды, 5936 қорғау нұсқамасы шығарылды. 2917 жанжалқойға ерекше мінез-құлық талаптары қойылды, 95 адам психокоррекциялық көмекке жіберілді. 10 құқық бұзушыға сот жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салды.
Өңір аумағында зорлық-зомбылық жасаған адамдарға арналған 30 психологиялық көмек кабинеті жұмыс істейді. Психокоррекциялық бағдарламалар медициналық мекемелермен бірлесіп жүзеге асырылады. Өңірде тұрмыстық жанжалдар мәселелері бойынша жедел желі жұмыс істейді — әрбір азамат кеңес пен қорғау алу үшін хабарласа алады. Профилактикалық жұмыс жалғасуда және күшейтіле түседі. Ең бастысы — зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету және отбасының әлсіз мүшелерін қорғау.