Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары ант қабылдады

Ұлттық ұлан академиясының курсанттары ант қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласында ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан академиясында бірінші курс курсанттарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Биыл қасиетті антты 200-ге жуық жас сардар қабылдап, 12 әскери қызметші магистрант атанды. Олардың арасында Қырғызстаннан келген 10 және Тәжікстаннан келген 15 курсант бар. Бұл – Қазақстанның білім ордасы аймақ елдері арасындағы әскери ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды тереңдетіп отырғанының айқын көрінісі.

Салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Руслан Әлішев, сондай-ақ ардагерлер мен ата-аналар қатысты. Сөз алғандар әскери анттың жай ғана рәсім емес, мемлекеттің алдында адал болу мен Отанға қызмет етудің айқын белгісі екенін атап өтті.

– Бүгіннен бастап сіздер еліміздің шынайы қорғаушысына айналдыңыздар. Алған білімдеріңіз бен жинақтаған тәжірибелеріңіз Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтуға әрі абыройлы қызмет етуге жол ашады деп сенемін, – деді  Бауыржан Әбжанов.

Әскери ант қабылдау – дайындық кезеңінің ең маңызды белесі. Жас курсанттар осы күнге дейін қатаң іріктеуден өтіп, емтихандар тапсырды, дене шынықтыру нормативтерін орындап, бастапқы әскери дайындықтан өтті. Енді оларды кәсіби офицер болып қалыптасуға бағытталған ұзақ жылдарғы оқу мен әскери қызмет күтіп тұр.

Курсанттар академияның тоғыз кафедрасында алты бағыт бойынша білім алады. Бұл оқу орны тек Қазақстанға ғана емес, аймақтағы бауырлас елдерге де офицерлер даярлап келеді. 2009 жылдан бері мұнда Тәжікстаннан 110, Қырғызстаннан 73 әскери қызметші білім алған.

Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды. Ұлттық ұланның біріктірілген әскери оркестрі әсерлі әуендер орындап, көрермендерді тәнті етті. 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауылы ротасы саптық әдістерді жоғары шеберлікпен көрсетіп, қарумен жасаған дефилесімен ерекше ықыласқа бөленді. Академия тарихында алғаш рет курсанттардан құралған домбыра үйірмесі "Балбырауын" мен "Ерке сылқым" күйлерін орындап, мерекелік кешке ұлттық нақыш қосты.

Салтанат соңында ата-аналар мен қонақтар Академия аумағын аралап, курсанттардың оқу-тұрмыстық жағдайымен танысты. Заманауи жабдықталған казармаларды, толыққанды тамақтануды қамтамасыз ететін кең асхананы көрген қонақтар болашақ офицерлердің білім алуы мен тұрмысы үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді.

Жауап қалдыру