Атырауда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық жүйелердің тиімділігі артып келеді
Атырауда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық жүйелердің тиімділігі артып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау мақсатында цифрлық технологиялардың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылуда. Заманауи жүйелер құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып отыр.
Соның ішінде "Сергек" жүйесі жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерді тіркеуде және қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімділігін дәлелдеді. Жыл басынан бері осы жүйенің көмегімен 17 489 жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Ал "Сергек-Қорғау" бағдарламасы жалған нөмір таққан, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисі жоқ автокөліктерді дер кезінде әшкерелеуге мүмкіндік беріп отыр.
Қылмыстарды ашуда да бейнебақылау жүйелері маңызды рөл атқарады. Биылғы жылдың өзінде бейнекамералардың көмегімен 262 қылмыс ашылды. Бұл – цифрлық бақылау құралдарының қылмысқа қарсы күрестегі тиімділігін айқын көрсеткіш.
Білім беру саласында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Облыстағы 227 мектеп 12 555 бейнебақылау камерасымен толық жабдықталып, барлығы Жедел басқару орталығына қосылды. Осылайша, білім беру мекемелері мен қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйелері бір орталықтан басқарылып, азаматтардың қауіпсіздігі кешенді түрде қамтамасыз етілуде.
Жыл басынан бері өңірде 61 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның 12 мыңнан астамы Атырау мен Құлсары қалаларындағы Жедел басқару орталықтарына қосылған. Сонымен қатар қоғамдық орындарда пилоттық режимде енгізілген "Target EYE" жүйесі бет-әлпетті тану арқылы 158 адамды анықтап, олардың 87-сі құқық қорғау органдарына жеткізілді.
Азаматтар үшін полициямен жедел байланыс мүмкіндіктері де кеңейтілген. "Police 102" мобильді қосымшасы мен "SOS" батырмасы арқылы тұрғындар бейнешағым, аудиожазба немесе жазбаша өтініш жолдап, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне ықпал етуде. Қала мектептерінде орнатылған 70 SOS түймесі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осылайша, цифрлық жүйелердің енгізілуі полиция қызметін жеңілдетіп қана қоймай, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.