Шымкентте полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті
Шымкентте полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кез-келген ата-ана балаларының болашағына, олардың әртүрлі зиянды заттардың әсерлерінен келетін қауіпке бей-жай қарамауы керек. Біздің ортақ мақсатымыз – жасөспірімдер арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу, олардың есірткі ортасына түсіп кетпеудің алдын алу.
Осы орайда, аталған мақсатта Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы №114 мектепке барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты.
Олар оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, құқық бұзушылық және тәртіп бұзушылыққа жол бермей, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын дұрыс ұстануға және бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды.
Сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, оның ауыр зардаптарға алып келетінін, болашақта жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп және білімімен ерекшелену қажеттілігін жеткізді.
Адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниелердің жоқтығын атап өтіп, қауіпсіз қоғам құру еліміздің әрбір азаматының міндеті екеніне тоқталды.