Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде студенттерге есірткі қылмысының салдары туралы дәріс оқылды

Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Семей көпсалалы колледжінің студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқықтық салдарлармен таныстыру, сондай-ақ олардың болашағына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру болды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есірткіні сақтау, сату және таратуға қатысты қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірді.

Тергеу тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріліп, ойланбай жасалған әрекеттердің немесе заңсыз қызметке араласудың адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екені атап өтілді.

Сонымен қатар интернет арқылы есірткі таратудың қазіргі тәсілдері мен жастардың есірткі жасырушы сияқты курьерлік қызметке тартылуы талқыланды. Полицейлер мұндай әрекеттерге бір реттік қатысудың өзі ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Студенттер әңгімеге белсене араласып, сұрақтар қойып, қылмыстық әрекеттен қорғанудың жолдары мен алдын алу шараларына қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тәртіп сақшылары жастарды өз ортасына мұқият болуға, арандатушылыққа ермеуге, заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі туындаған жағдайда дер кезінде көмек сұрауға және өмірлік таңдау жасауда әрқашан сергек болуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру