Түркістанда жастар тәрбиесіне арналған конференция ұйымдастырылды
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде "Тәрбиелі жастар – бақытты ел болашағы" тақырыбында конференция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы А. Жарқынбек, ювеналды полицияның аға инспекторы Б. Ташимов, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Е. Кожбанов, психолог Б. Аширбекова және университеттің вице-ректоры Е. Төлегенов қатысты.
Конференция барысында полицейлер мен 150-ге жуық студент қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Жастарға есірткімен байланысты қылмыстар, лудомания, зорлық-зомбылықсыз отбасы құндылықтары, сталкинг және заң нормалары туралы кең көлемді ақпарат берілді.
Спикерлер зорлық-зомбылықтың мәні мен түрлеріне тоқталып, физикалық, психологиялық және экономикалық қысым көрсетудің адам денсаулығына, әсіресе психикалық саулығына тигізер зияны жайлы айтты. Сондай-ақ қасақана жасалған мұндай заңсыз әрекеттердің жазасыз қалмайтыны, заң аясында жауапкершілік қарастырылатыны баса айтылды.
Бұдан бөлек, "Есірткі қылмысына қарсы күрес" тақырыбы қозғалып, жаңа қабылданған заңдар мен Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер таныстырылды.
Шара соңында қатысушылар психикалық денсаулық пен жеке қауіпсіздіктің маңыздылығын арттыруға бағытталған психологиялық тренингтен өтті.