"Учаске" ЖПІШ: Атырауда өзге өңірден келген күдіктіден 105 түйіншек есірткі тәркіленді
Атырауда өзге өңірден келген күдіктіден 105 түйіншек есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Қарасора-2025" және "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қала аумағында синтетикалық есірткі таратумен айналысқан 28 жастағы Қызылорда облысының тұрғынын ұстады.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ салынған бірнеше zip-пакет табылды. Сонымен қатар оның көрсетуімен қала аумағынан жасырылған 105 түйіншек пен үш ірі zip-пакет тәркіленді. Сараптама нәтижесінде алынған заттардың 148,75 грамм "Альфа-PVP" және 80 грамм мефедрон есірткісі екені анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.