Павлодарда полицейлер рейд барысында мас жүргізушілер мен ұсақ бұзақыларды ұстады
Павлодар облысында өткен "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға және көлік қозғалысындағы заңбұзушылықтарды болдырмауға бағытталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелер мен көпшілік орындардағы тәртіпті күшейту, сондай-ақ көші-қон және жол қозғалысы саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау.
Іс-шараның алғашқы күнінде-ақ полиция қызметкерлері 300-ден астам құқық бұзушылықты әшкереледі. Олардың қатарында қоғамдық орындардағы әкімшілік теріс қылықтар, жол қозғалысы ережелерін бұзу және көші-қон заңнамасын сақтамау фактілері бар. Рейд барысында тәртіп сақшылары азаматтар көп шоғырланатын аумақтарда тәртіпті бақылауға алып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның жалпы қорытындысы бойынша 1,5 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды. Атап айтқанда, 29 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған, 13 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, 65 азамат ұсақ бұзақылық жасаған, 226 тұрғын қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкен, ал 303 жаяу жүргінші жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.
Полиция департаменті нақты мысалдарды да келтірді. Мәселен, Павлодар қаласында Сәтбаев көшесінде Lexus ES-350 көлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, автокөлікті басқарған. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Сондай-ақ Малайсары батыр – Львовская көшесінде Audi-80 автокөліктің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған құқық бұзушылықтар сотта қаралатын болады.
Полиция басқармасы тұрғындарға заңды қатаң сақтап, қоғамдық тәртіп ережелерін бұзбау қажеттігін еске салды. "Заң мен тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі кепілі. Құқық бұзған әрбір азамат заң алдында міндетті түрде жауап береді.