"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: Ақтөбеде жол ережесін сақтамағандардың көбі – жаяу жүргіншілер
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында 12-14 қыркүйек аралығында Ақтөбе облысында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды әшкерелеу, қоғамдық орындарды тексеру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде рейдтік жұмыстар жүргізді.
Үш күннің қорытындысы бойынша облыста 64 қылмыс тіркеліп, іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды. Сонымен қатар заңсыз есірткі мен суық қару сақтаған 50 адам жауапқа тартылып, тәркіленген заттар айналымнан алынды.
Жалпы 900-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық – 35, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйінде болу – 160, құжатсыз не тіркеусіз тұру – 165, ал кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңсыз жүруі – 105 дерек.
Жол қозғалысы саласындағы заңбұзушылықтар да алаңдатарлық деңгейде. Үш күн ішінде 339 дерек тіркелді: мас күйінде көлік жүргізу – 16, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару – 13, қарсы қозғалыс жолағына шығу – 23, жаяу жүргіншілерге жол бермеу – 79 факті.
Алайда заң бұзушылықтар тек жүргізушілер тарапынан ғана емес, жаяу жүргіншілер арасында да жиі тіркелді. Іс-шара кезінде 208 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, бұл жүргізушілер жасаған бұзушылықтардан (131) айтарлықтай көп.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқықтық тәртіпке үлес қосуға шақырды.