Өскемендік кәсіпкер алаяққа сеніп, ірі көлемде ақшасынан айырылды
Өскемен қаласында жеке кәсіпкер әйел алаяқтың құрбаны болып, полицияға арызданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға жаз айларында басталған. Дүкенге келген бейтаныс әйел өзін қаржы мәселелерін шешуге және бизнесті дамытуға көмектесетін адам ретінде таныстырған. Жалған бизнес-жоспарын ұсынып, сенімді түрде сөйлеп, кәсіпкердің сеніміне кірген.
Күдікті екі ай ішінде түрлі сылтаулармен, оның ішінде несие рәсімдеу үшін деп, жәбірленушіден жалпы сомасы 23 миллион теңге алған. Сонымен қатар пайызбен қарыз алып, қолхаттар жазып бергенімен, тамыз айының соңына дейін қаражатты қайтарамын деген уәдесін орындамаған.
Аталған дерек бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарға ескертеді:
-
Қаржылық мәселелерді шешемін деп уәде ететін бейтаныс адамдарға сенбеңіздер;
-
Бизнеске қатысты кез келген ақпарат пен құжаттың шынайылығын мұқият тексеріңіздер;
-
Ресми шартсыз ірі көлемде ақша бермеңіздер;
-
Үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеңіздер;
-
Қолхат – ақшаңызды қайтарып беретініне кепіл болмайтынын есте сақтаңыздар.
Күмәнді жағдай туындаған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.