Алматы облысында "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы өтуде
Алматы облысында "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15–30 қыркүйек аралығында Алматы облысының аумағында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Шараның басты мақсаты – өңір жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қозғалысы саласында құқықтық тәртіпті нығайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібін арттыру.
Акция аясында полиция қызметкерлері тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып кешенді практикалық және түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Ерекше назар көлікті мас күйінде басқару, белгіленген жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемеу секілді қозғалысқа қауіп төндіретін өрескел құқықбұзушылықтарды анықтауға аударылып отыр.
Рейдтік шаралармен қатар халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол ережесін қатаң сақтаудың маңызын ескертіп, парақшалар таратуда және заңға құрметпен қарауға шақыруда. Сондай-ақ жолдағы қауіпсіздікке қоғам назарын аудару үшін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары белсенді пайдаланылуда.
Өңірлік полиция басшылығы жолдардағы қауіпсіздік ең алдымен әрбір азаматтың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар құқықбұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
"Қауіпсіз жол" акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін сақтап, өзге қатысушыларға құрметпен қарауға шақырады.