Павлодар облысында мыңға жуық жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі анықталды
Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың жолын кесуге бағытталған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын бұзудың мыңға жуық дерегін анықтады. Ең жиі тіркелген құқық бұзушылық – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару. Осы санат бойынша 346 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 157 жүргізушіге әкімшілік шара қолданылды. Бұдан бөлек, техникалық жай-күйі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралын пайдаланудың 98 дерегі анықталды.
Рейд барысында мас күйінде көлік басқарған 38 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 38 автокөліктің жол қозғалысына қатысуына тыйым салынды. Заңсыз қайта жабдықталған 59 көлік құралын пайдалану фактісі де тіркелді.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Н. Назарбаев және Кривенко көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірі бар Hyundai автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіге қатысты көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, көлік тізгінінде отырған кезде қауіпсіздік белдігін тағуға, ұялы телефон пайдаланбауға және ешқашан мас күйде көлік басқармауға шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігінен басталады. Қағидаларды сақтау арқылы ғана жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға болады.
