Астанада “Backstreet Boys” концерті өтті: заманауи технологиялар қауіпсіздікті күшейтті
Елордада әйгілі “Backstreet Boys” тобының концерті өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Танымал топтың өнерін тамашалау үшін “Астана Арена” стадионына 20 мыңнан астам көрермен жиналды.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның жеке құрамы жұмылдырылды. Іс-шара аумағына қосымша турникеттер орнатылып, бейнебақылау жүйесі көбейді. Камералардан түскен бейнелер нақты уақыт режимінде полицияның жедел басқару орталығына жеткізіліп, жағдайды дер кезінде бақылауға және кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Құқық қорғау органдарының жұмысында заманауи байланыс құралдарымен және бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталған мобильді ЖБО пайдаланылды. Бұдан бөлек, концертте қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды тіркеуге және көпшіліктің арасынан тұлғаларды тануға қабілетті Deep Robotics Lite 3 атты төрт аяқты роботтар қолданылды.
Полицияның үйлесімді жұмысы мен жаңа технологияларды тиімді пайдалануының арқасында концерт оқыс жағдайсыз өтіп, көрермендер мен қатысушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.
Полиция атап өткендей, ауқымды мәдени іс-шаралар қала тұрғындары үшін қуанышты оқиға болғанымен, тәртіп сақшылары үшін күшейтілген қауіпсіздік шараларын қажет етеді. Сол себепті полиция елорда тұрғындары мен қонақтарын адамдар көп жиналатын орындарда тәртіпті сақтауға және жеке қауіпсіздікке назар аударуға шақырады.