Ақмолада полицейлер оқу орындарында дәрістер мен жаттығулар өткізді
Ақмолада полицейлер оқу орындарында дәрістер мен жаттығулар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі заманның сын-қатерлері мен түрлі қауіп-қатерлері жағдайында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек педагогтар мен ата-аналардың ғана емес, құқық қорғау органдарының да ортақ міндетіне айналып отыр.
Осы орайда Ақмола облысы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының (ЖҚАЖ) қызметкерлері өңірдегі білім беру ұйымдарында тұрақты түрде дәрістер, профилактикалық әңгімелер және бірлескен оқу-жаттығулар өткізуде. Негізгі мақсат – оқушыларды, студенттерді және қызметкерлерді төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі тиімді әрекет етуге үйрету.
Сабақтар барысында мына мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді: оқу орындарының кіреберістерін бақылау, бейнебақылау және дабыл жүйелерін орнату, лаңкестік немесе кепілге алу қаупі туындаған жағдайда эвакуациялау тәртібі мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын пысықтау, сондай-ақ оқушылар арасындағы агрессия мен қорқыту белгілерін дер кезінде анықтау.
ЖҚАЖ қатысуымен өтетін оқу-жаттығулар нақты қауіп-қатер жағдайларын модельдеуге, білім беру процесіне қатысушылардың іс-әрекет дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді және жоғары тиімділігін көрсетіп келеді.
Полицияның айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, өңірдегі оқу орындарындағы алдын алу және қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігіне айналған.