Қостанайда жас жол инспекторлары полициямен бірлесіп жол қауіпсіздігі бойынша акция өткізді
Қостанай қаласында өткен бірлескен акцияда жол қозғалысының жас инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірге тұрғындарға жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды.
Акцияға XX Республикалық Жол қозғалысының жас инспекторлары слетінің чемпиондары – №19 орта мектептің оқушылары қатысты. Әкімшілік полиция инспекторларының жетекшілігімен олар көлік қозғалысы қарқынды учаскелерге шығып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіздік – әрбір адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты екенін жеткізді.
Жас инспекторлар тек ережелерді жатқа білумен шектелмей, жолдағы дұрыс мінез-құлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олардың белсенді ұстанымы қауіпсіздік мәдениетінің жас буыннан қалыптасатынын және балалардың да профилактикалық шаралардың маңызды қатысушылары бола алатынын дәлелдеді.
Рейд барысында оқушылар жүргізушілерге жадынамалар таратып, мектеп маңында жылдамдықты қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Ал жаяу жүргіншілерге жолды тек жаяу жүргіншілер өткелінен және бағдаршамның жасыл түсінде кесіп өту керектігін түсіндірді. Өз іс-әрекеттерімен олар: "Жолдағы қауіпсіздік – жеке жауапкершіліктен басталады" деген ойды жеткізді.
– Мұндай акциялар тек жолдағы проблемаларға назар аудартып қана қоймай, өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Қостанай облысы полиция департаментінің өкілдері.
Жас жол инспекторларының қатысуымен профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.