Жетісу облысында кинологтардың біліктілігін арттыруға арналған сабақтар өтті
Жетісу облысында кинологтардың біліктілігін арттыруға арналған сабақтар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері үшін тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Әріптестеріне әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсеткен – ҚР Ішкі істер министрлігінің Кинологиялық орталығы бастығының орынбасары, тәжірибелі маман Максим Чебан.
Оқу-жаттығулар шынайы жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда өткізілді. Бағдарламаға түрлі сценарийлер мен алаңдататын факторлар енгізіліп, қызметтік иттердің күрделі жағдайдағы дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берілді.
- Әр адам артында із қалдырады — иіс, таңба, микробөлшектер. Адам мүмкіндігі шектелген жерде көмекке төртаяқты серіктер келеді. Олардың ерекше иіс сезуі полицияға алғаш қарағанда шешілмейтіндей көрінетін қылмыстарды ашуға көмектеседі, — деп атап өтті мамандар.
Мұндай тәжірибелік сабақтар кинологтардың біліктілігін арттырумен қатар, өңірлер арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді. Сарапшылардың айтуынша, жүйелі оқыту қызметтің әрі қарай дамуы мен жетілдірілуі үшін қажет.