Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батыс Қазақстан облысында "Жас сақшы" сыныбы ашылды

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында  ІІО ардагері атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №5 жалпы орта білім беретін мектепте Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының ардагері Ишбулат Шектебаев атындағы "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға БҚО полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Қадыржан Сағын, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков, ішкі істер органдарының ардагерлері, аудандық әкімдік пен прокуратура өкілдері, мектеп ұжымы, оқушылар және ардагердің ұрпақтары қатысты.

Жаңадан ашылған "Жас сақшы" сыныбына 25 оқушы қабылданып, салтанатты түрде ант берді. Оларға арнайы куәліктер табысталды. Бұл бастама жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және құқық қорғау саласына қызығушылықты оятуға бағытталған.

Салтанатты жиын барысында оқушылар тәртіп сақшыларымен жүздесіп, олардың қызметі туралы жан-жақты мәлімет алды. Сондай-ақ БҚО полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетіп, көрермендердің зор қызығушылығын тудырды.

Айта кетейік, бұл — облыс көлемінде ашылған екінші "Жас сақшы" сыныбы. Алдағы уақытта осындай сыныптарды өзге мектептерде де ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру