Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ювеналды полиция ата-аналар жиналысына қатысты

Павлодар облысындағы Павлодар ауданында ювеналды полиция  ата-аналар жиналысына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар ауданында кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторлар мектепте өткен ата-аналар жиналысына қатысып, профилактикалық әңгіме өткізді.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде жиілеп кеткен алаяқтық жағдайларына тоқталды. Олар қаскүнемдердің балалардан растау кодын сұрап, кейін бұл деректерді заңсыз мақсатта қолдануға тырысатынын атап өтті. Полицейлердің айтуынша, жасөспірімдер жеке деректерді қорғаудың маңызын жете түсінбей, құпия ақпаратты бөтен адамдарға оңай бере салуы мүмкін, әсіресе өздерін мектеп немесе білім порталының қызметкері ретінде таныстырған жағдайларда қаскүнемдердің қақпанына түсіп қалуы мүмкін.

 

Сонымен қатар инспекторлар ата-аналарды жасөспірімдерді қылмыстық схемаларға тарту қаупі жөнінде ескертті. Қаскүнемдер оңай табыс уәде етіп, банктік картаны пайдалануды немесе ақша аударымдарын жүзеге асыруды сұрауы мүмкін. Мұндай әрекеттер, яғни дропперлік қызмет, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет екені (ҚР ҚК 232-1-бабы) түсіндірілді.

Жиналыста әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен сөйлесу кезінде сақтық таныту қажеттілігі де сөз болды. Полицейлер жасөспірімдерді синтетикалық есірткіні таратуға тарту мен оны қолданудың қауіптілігіне тоқталды. Бұған қоса, балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.

Полиция капитаны Лаура Шақарова жиналғандардың назарын кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың көпшілігі зерігу мен қызықты істердің тапшылығынан туындайтынына аударды. Ол ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынып, спорт секцияларына, би, өнер және музыка студияларына, техникалық шығармашылық үйірмелеріне қатыстыруға кеңес берді.

— Бос емес әрі ынталы жасөспірімнің теріс жолға түсу немесе заңға қайшы әрекетке бару ықтималдығы әлдеқайда төмен, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру