Маңғыстау облысында тұрғындар "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисін белсенді пайдалануда
Маңғыстау облысында тұрғындар "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисін белсенді пайдалануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисін қолданушылардың саны артып келеді. Бүгінгі таңда аталған сервис арқылы полицияға 669 өтініш түсті. Оның ішінде: 443 өтініш — омниканалды мобильді қосымша арқылы, 129 өтініш — Egov Mobile қосымшасы арқылы, 91 өтініш — Kaspi.kz қосымшасы арқылы, 2 өтініш — Halyk қосымшасы арқылы, 4 өтініш — өзге де цифрлық арналар арқылы келіп түскен.
Көбінесе тұрғындар жол қозғалысы ережелерін бұзу, белгіленбеген жерде шылым шегу, жол-көлік оқиғалары, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрлық және өзге де құқық бұзушылықтар жөнінде хабарлайды. Барлық түскен сигналдар тексеріліп, құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылды.
"Заң мен тәртіп" цифрлық сервисі ҚР ІІМ бастамасымен биылғы жылдың 23 маусымда іске қосылды. Аталған сервис арқылы азаматтар полицияға тікелей құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды Egov Mobile қосымшасы арқылы жолдай алады. Қолданушылардың ыңғайлығы үшін басты бетте арнайы "Заң мен тәртіп" белгішесі орналастырылды. Сонымен қатар бұл функция бірқатар банк қосымшасына да енгізілген. Бұл сервистің қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінде атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты — полиция мен азаматтар арасындағы өзара әрекеттестікті жеңілдету және жеделдету, әрекет ету жылдамдығын арттыру, сондай-ақ көмек көрсетуді барынша қолжетімді ету. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, ал өтініштер Қазақстанның бүкіл аумағында қабылданады.