Абай облысының есірткіге қарсы күрес басқармасы ерекше әлеуметтік экспериментті жүзеге асырды
Абай облысының есірткіге қарсы күрес басқармасы ерекше әлеуметтік экспериментті жүзеге асырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның мақсаты – жастарды есірткі қылмысына тартудың жасырын әдістеріне қоғам назарын аудару, жасөспірімдердің құқықтық санасын тексеру және заңсыз ұсыныстарға олардың қалай жауап беретінін анықтау болды.
Эксперимент барысында полиция қызметкерлері көшеде жүрген жасөспірімдерге күмәнді жұмыс ұсынды. Тапсырма қарапайым болып көрінді: қабырғаға белгісіз кодтар мен сілтемелер жазу. Мұндай жазулар іс жүзінде интернет арқылы есірткі сататын сайттарды жарнамалаудың жасырын тәсілі екені белгілі. Жұмыс ақылы ұсынылғанымен, бұл іс-шара шын мәнінде құқықтық тәжірибе болатын.
Нәтижесі көңіл қуантады: бірде-бір жасөспірім заңсыз ұсынысқа келіскен жоқ. Барлығы да мұндай әрекеттердің заңға қайшы әрі ауыр салдары болуы мүмкін екенін айтып, тапсырмадан бас тартты.
Бұл тәжірибе жастардың құқықтық сауаттылығының артқанын, сондай-ақ қоғамда есірткіге деген теріс көзқарас берік қалыптасып келе жатқанын көрсетті.