Павлодарда полицейлер қарттар күніне орай ІІО ардагерін құттықтады
Павлодарда полицейлер қарттар күніне орай ІІО ардагерін құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауданының полицейлері 87 жастағы ІІО ардагерін құттықтады Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Владимир Михайлович Остапенкоға барып, оны мерекемен құттықтап, ұзақ ғұмыр, денсаулық және амандық тіледі.
Өз кезегінде Владимир Михайлович полиция қызметкерлеріне көрсеткен құрмет үшін және Ертіс ауданы полицейлері әкеліп берген қысқы отын үшін алғысын білдірді. Тәртіп сақшылары үш текше метр отынды санаулы минуттарда түсіріп берді.
- Бізге, ардагерлер үшін кез келген көңіл бөлу қымбат. Полиция қызметкерлері әрдайым мені есінен шығармайды, үнемі хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұрады. Оларға ризашылығымды білдіремін, қызметтерінің жеңіл әрі тыныш болуын тілеймін, – дейді Владимир Михайлович.
Ардагер 1938 жылы Қашыр ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін “путь Ильича” колхозында жүргізуші болып жұмыс істеді. 1957 жылы Батыс Украинаға әскер қатарына шақырылып, елге оралған соң өмірін Отан қорғау мамандығына арнауды шешті.
- Қарттар күні – барлық ұрпақ үшін өте маңызды мереке. Біз өз ардагерлерімізді ұмытпаймыз, құрмет пен қамқорлықты бүкіл полиция қызметкерлері көрсетеді, – деп атап өтті Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Төлеген Алпысбаев.