Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде балаларға жол қозғалысы ережелері шоу форматында түсіндірілді

Өскеменде ЖҚЕ шоуы алғашқы күнінде 500-ден астам баланы қамтыды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының орталығында жол қозғалысы ережелеріне арналған интерактивті бағдарламасы бастау алды. Балаларға арналған танымдық ойын-сауық шоуын Өскемен қаласы полиция басқармасы қала әкімдігімен және "Юбилейный" кинотеатрымен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің жолда қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру.

Алғашқы күннің өзінде бағдарламаға 500-ден астам оқушы қатысты. Олар интерактивті тапсырмалар мен викториналарға қатысып, жол жүрісі қағидаларын білу бойынша өзара сынға түсті. Шара соңында балалар анимациялық фильм тамашалады.

Жас қатысушылар тек негізгі жол қозғалысы талаптарын қайталап қана қоймай, полиция қызметкерлеріне сауалдар қойып, нақты жол жағдайында қалай әрекет ету керектігі бойынша пайдалы кеңестер алды. Мерекелік атмосфера мен тікелей қарым-қатынас балалардың маңызды ақпаратты жақсы есте сақтауына себеп болды.

- Мұндай кездесулердің басты мақсаты – балалардың жастайынан жол ережесін сақтаудың маңызын түсінуі. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады. Балалардың белсенділік танытып, өз білімдерін көрсетуі бізді қуантады, - дейді ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков.

Сонымен қатар кинотеатр алдындағы алаңда полиция қызметкерлері қызметтік патрульдік автокөліктер мен қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы техниканы көпшілік назарына ұсынды.

Еске сала кетейік, ЖҚЕ-шоуы "Юбилейный" кинотеатрында 8 қазанға дейін күн сайын балалар мен ата-аналар үшін ашық болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру