Абай облысында полицейлер жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
Абай облысында полицейлер жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында полицейлердің кәсібилігі мен адамгершілікке толы іс-әрекеті тағы бір мәрте ел назарына ілікті. Семей қаласының ең ірі көшелерінің бірінде техникалық ақау салдарынан жолдың ортасында тоқтап қалған ауыр жүк көлігіне полицейлер дер кезінде көмек көрсетті.
Оқиға қаладағы көлік ағыны тығыз көшелердің бірінде болған. Жүк көлігі кенеттен сынып, қозғалысқа жарамсыз күйге түскен. Қозғалыстың дәл ортасында тоқтап қалған көлік жолда үлкен кептеліс туғызып, басқа жүргізушілер үшін қауіп төндірген.
Осы сәтте оқиға орнына жақын маңда қызметтік міндетін атқарып жүрген Абай облысы полиция департаментінің "Барыс 644" экипажының қызметкерлері кинолог Азамат Айтжанов пен қызмет инспекторы Нұрасыл Сембаев жағдайды байқап, бірден әрекетке көшті.
Олар уақыт жоғалтпай, көлік жүргізушісіне қол ұшын созып, ауыр жүк көлігін итеріп, жол шетіне қауіпсіз жерге шығаруға жәрдемдескен. Бұл олардың тек құқықтық тәртіпті сақтаушы ғана емес, кез келген жағдайда көмекке әрдайым дайын азаматтар екенін тағы бір дәлелдеді.
Болған оқиғаға куә болған тұрғындар мен жүргізушілер полицейлердің бұл әрекетіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.