Абай облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 7 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Абай облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары мен зияткерлік мониторинг жүйелерінің көмегімен анықталып жатыр.
Акция басталғалы бері полиция қызметкерлері 7 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 6800-ден астамы қалалар мен елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу дерегі болса, тағы 650-ден астамы – ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі.
Барлық құқық бұзушылар анықталып, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Бейнебақылау камераларын пайдалану құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік беріп, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасуда. Полицейлер өңір тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарап, заңнама талаптарын сақтауға шақырады.
