Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да сотталғандар қарттарға ерекше сый әзірледі

Шығыс Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесіне деген көзқарасты өзгертетін игі іс жүзеге асты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл сайын 1 қазан күні аталып өтетін Қарттар күні қарсаңында №18 мекеменің (қауіпсіздігі жоғары колония) қызметкерлері мен сотталғандары қарттарға шынайы қамқорлық пен жан жылуын сыйлайтын ерекше сыйлық әзірледі. Бұл жолғы қайырымдылық шарасы Өскемен қаласы Солнечный кентінде орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтті.

Әдеттегі мерекелік дастархан мен концерттің орнына колония әкімшілігі, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен, орталық тұрғындарына қажетті тұрмыстық заттарды жеткізді. Олардың қатарында – аумақты таза ұстауға арналған қоқыс жәшіктері, таза ауада демалуға ыңғайлы жаңа отырғыштар және ең бастысы – ерекше ықыласпен дайындалған таяқтар болды.

Бұл таяқтар қариялардың ерекше ықыласына бөленді. Сотталғандар әрқайсысын ұқыптылықпен жасап, қарапайым бұйымнан гөрі тапсырысқа лайықталған дүниеге айналдырды.

– Ата-әжелерімізге таяқтар өте ұнады. Олар ағаштан ойластырылып, эргономикалық тұтқамен жасалған. Ең бастысы, қауіпсіздік те ескерілді: таяқтың ұшы сырғанамас үшін арнайы резеңкемен қапталды. Өте жеңіл әрі қолайлы болып шықты, - дейді №18 мекеме қызметкері Лаура Алдажұманова.

Бұл шара – түзеу мекемелерінің тек тәрбие және бақылау жұмыстарымен ғана шектелмей, қоғам өміріне де үлес қосатынының жарқын көрінісі. Сыйлықтарды жасауға атсалысқан сотталғандар өздерін игі істің бір бөлігі ретінде сезініп, ал қарттар жан жылуымен әзірленген шынайы сыйды қабыл алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру