Талдықорғанда балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде
Талдықорғанда балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын мектеп маңында қызмет атқарып, оқушылардың сабаққа аман-есен баруы мен үйлеріне қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуде.
Сабақ басталатын және аяқталатын уақыттарда полицейлер жаяу жүргіншілер өткелінде кезекшілік етіп, көлік қозғалысын реттейді және жолдағы тәртіпті қадағалайды. Мұндай шаралардың басты мақсаты — балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Профилактикалық жұмыс та маңызды рөл атқарады. Полицейлер жүргізушілер мен ата-аналарға жылдамдық режимін қатаң сақтауды, мектеп маңында көлікті дұрыс тоқтатуды және жаяу жүргіншілер жолына жақындағанда барынша мұқият болуды ескертеді.
- Балалардың қауіпсіздігі — бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әр бала қорғалған ортада өсуі үшін барлығымыз жауапкершілік танытуымыз қажет, — дейді полиция қызметкерлері.
Осылайша, мектеп маңындағы полицейлердің тұрақты кезекшілігі тек жол апаттарының алдын алып қана қоймай, барлық жол қозғалысына қатысушылар арасында жауапкершілік пен мұқияттылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.