Жетісу облыстық ПД-да салтанатты жиын өтті
Жетісу облысы полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Тағзым мен құрметке толы мерекелік бағдарлама ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегін бағалаумен ұштасып, ерекше мәнге ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты рәсім қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мемориал алдында ардагерлер мен департамент басшылығы құрметті сапта тұрды. Жиналғандар антқа адал болған ерлердің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Іс-шара саптық алаңдағы салтанатты шерумен жалғасты. Дабылшылар маршының сүйемелдеуімен ту ұстаушылар алаңнан өтіп, рәсімнің айрықша сәнін келтірді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, қызметкерлер оны ерекше мақтаныш сезімімен орындады.
Құттықтау сөз сөйлеген полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов Отанға қызмет етудің маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің батылдығы мен адалдығын жоғары бағалады.
- Ішкі істер органдарындағы қызмет — жай ғана мамандық емес, бұл заң мен әділдікке адал болудың күнделікті көрінісі. Біз қызмет барысында қаза тапқан әріптестеріміздің жарқын жадына лайық болып, олардың жолын абыроймен жалғастыруға міндеттіміз, — деді ол.
Салтанатты жиында үздік қызметкерлер марапатталып, оларға Ішкі істер министрлігі мен департамент атынан медальдар мен грамоталар табысталды.
Ішкі істер органдарының ардагерлері де сөз сөйлеп, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрдің маңызын атап өтті.
Іс-шара саптық бөлімшелердің оркестр сүйемелдеуімен өткен салтанатты маршымен қорытындыланды.
Бұл мерекелік шара тарихқа тағзым етудің, қызметке деген құрметтің және елге адал қызмет етудің мәңгілік құндылық екенін айқындай түсті.
