Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО тұрғындары полициямен цифрлық сервистер арқылы байланысуда

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа технологиялар сенімді көмекшіге айналды. "Заң мен тәртіп" сервисінің арқасында шығысқазақстандықтар құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлап, полицияның жылдам әрекет етуіне мүмкіндік беріп отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі заманғы технологиялар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді құралға айналды. Бүгінде "102" мобильді қосымшасы мен eGov Mobile, Kaspi, Halyk платформаларына енгізілген "Заң мен тәртіп" сервисінің арқасында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары құқық бұзушылықтар жөнінде – жол-көлік оқиғасынан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа дейін – жедел хабарлай алады.

Жыл басынан бері ШҚО полиция департаментінің жедел басқару орталығына "102" қосымшасы арқылы 500-ден астам өтініш түскен. Қолданушы "Қоңырау шалу" батырмасын басқан сәтте, кезекші оператор азаматтың орналасқан жерін бірден анықтап, жағдайды телефон камерасы арқылы бағалайды және ең жақын полиция жасағына бағыттайды.

— Бұл өте қолайлы әрі жылдам тәсіл, әсіресе төтенше жағдайларда әрбір секундтың маңызы зор. Қосымша қоңыраумен қатар, оқиға орнынан фото, бейне және аудиоматериал жіберуге мүмкіндік береді, — дейді ЖБО кезекшісі Жәнібек Нұртазов.

Тек "102" қосымшасы ғана емес, азаматтар жиі пайдаланатын Kaspi және өзге де платформалардағы "Заң мен тәртіп" сервисі арқылы да өтініштер түсуде. Жыл басынан бері түскен 500 өтініштің 260-тан астамы дәл осы сервистер арқылы тіркелген. Барлық хабарламалар заң талаптарына сәйкес қаралып, тиісті шаралар қабылданады.

Белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленетін Өскемен тұрғыны жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын үнемі онлайн тіркеп, деректерді полицияға жіберіп отырады.

Полиция тұрғындарды цифрлық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырады. "102" қосымшасы – көмек алудың, өзіңіз бен жақындарыңызды қорғаудың ең жедел әрі тиімді жолы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру