Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер "Жолда қабылдау" акциясын өткізіп жатыр

Павлодар облысында полицейлер "Жолда қабылдау" атты ауқымды акция өткізіп жатыр,- деп хабарлайды Polisia.kz

3-4 қазан күндері Павлодар облысында республикалық "Жолда қабылдау" атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес өткізілген шараның басты мақсаты – халықпен ашық диалог орнатып, құқықтық көмек көрсету, өзекті мәселелерді жедел шешу және полиция қызметінің қолжетімділігін арттыру.

Акция "Заң және тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында өтті. Халықтың көбірек қамтылуы үшін қабылдаулар облыс орталығы мен аудан орталықтарындағы халық көп жиналатын ашық алаңдарда ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындардың ыңғайлылығы үшін Павлодар облысы полиция департаментінің @dp_pavlodar инстаграм парақшасында тікелей эфир жүргізіліп, азаматтардың сұрақтарына онлайн режимде де жауап берілді.

Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Абылайхан Алпысбай азаматтарға әкімшілік тәжірибеге, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, көлікті тіркеу мен қайта жабдықтау тәртібіне, көші-қон заңнамасына және полиция органдарының құзыретіне кіретін басқа да мәселелерге қатысты кеңестер берді.

Қойылған сұрақтар әртүрлі сипатта болды. Мәселен:

  • Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылсам, полицияға жұмысқа орналасуға бола ма?

  • Көлікті сатып жібергеніме біраз уақыт өтсе де, оған салық келе береді. Қайда жүгінуге болады?

  • Көршілер күндіз қатты музыка қояды. Оларға шара қолдануға мүмкіндік бар ма?

Әрбір өтінішке нақты әрі толыққанды жауап берілді.

Көптеген тұрғындар полиция жұмысына ризашылықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Полицейлер де өз кезегінде азаматтарды құқықбұзушылықтарға бейжай қарамауға, қажет болған жағдайда фотосурет немесе бейнежазба түсіріп, оны әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға жолдауға шақырды.

Акция барысында павлодарлықтар алдын ала жазылусыз, тікелей полицейлерге келіп, көлік құралдарын тіркеу, айыппұл төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, жол қозғалысын ұйымдастыру және өзге де мәселелер бойынша құқықтық әрі кеңестік көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

Тәжірибе көрсеткендей, "Жолда қабылдау" – азаматтар үшін полицияға жедел жүгінудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Өйткені халықпен ашық байланыс орнату – құқық қорғау органдарының басты басымдығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру