Атырауда "Жолда қабылдау" іс-шарасында бір күнде 300-ге жуық сұрақ қойылды
Атырауда "Жолда қабылдау" іс-шарасында бір күнде 300-ге жуық сұрақ қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында 3-4 қазан күндері республикалық "Жолда қабылдау" акциясы ұйымдастырылды. Шараға жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасының мамандары қатысып, тұрғындарға құқықтық кеңес берді.
Акцияның алғашқы күнінде ғана тәртіп сақшыларына 300-ге жуық азамат сауал жолдады. Тұрғындардың көпшілігі жол қозғалысын ұйымдастыру, жүргізуші куәліктерін алу мен ауыстыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, автокөлікті тіркеу, салынған айыппұлдар және жол-көлік оқиғаларына байланысты мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар қаладағы кейбір көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне қосымша жол белгілерін орнату және жасанды кедергілер қою қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Барлық сұрақтарға заң аясында нақты жауап беріліп, тұрғындардың ұсыныстары назарға алынды.
Іс-шара барысында полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіздікті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық тәртіп бұзушылықтарға мысалдар келтіре отырып, олардың салдарын түсіндірді.
Айта кетерлігі, қабылдау офлайн форматта ғана емес, онлайн режимде де жалғасты. Бұл өз кезегінде тұрғындарға полиция қызметкерлерімен тікелей әрі қолжетімді байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Екі күнге жоспарланған "Жолда қабылдау" акциясы халық пен полиция арасындағы сенімді арттыруға, ашық диалог құруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.