Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде еңбек мобильдігі орталығы кездесу өткізді
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде еңбек мобильдігі орталығының өкілдерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша №36 ҚАЖД мекемесінде еңбек мобильдігі орталығының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жарияланған рақымшылық аясында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – босатылатын азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және еңбек нарығына тарту.
Кездесу барысында орталық мамандары сотталған азаматтарға жұмысқа орналасу, уақытша жұмыспен қамту, кәсіби даярлық және қайта даярлау мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар бостандыққа шыққан соң көрсетілетін әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдау шаралары және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
Еңбек мобильдігі орталығының өкілдері қоғамға қайта оралған азаматтардың қайта әлеуметтенуі – қылмыстың қайталануын болдырмаудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сондықтан бостандыққа шыққан азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, еңбекпен қамту мүмкіндігін кеңейту және әлеуметтік қолдауға бағытталған шараларды күшейту — басты басымдықтардың бірі.
Іс-шара барысында жақында босатылатын азаматтармен жеке әңгімелесе отырып, олардың еңбек нарығындағы әлеуетін анықтау бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Сонымен қатар еңбек мобильдігі орталығының өкілдері оларды қақпа алдында күтіп алып, алғашқы қажетті бағыт-бағдар беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Мұндай кездесулер қылмыстық-атқару жүйесі мен әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту салаларындағы ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, қоғамға қайта оралған азаматтардың табысты бейімделуіне жол ашады.