"Жолда қабылдау" акциясы: СҚО-да полицейлер азаматтардың сұрағына жауап берді
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері екі күндік "Жолда қабылдау" акциясы барысында тұрғындардан 30-дан астам сұрағына жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауқымды республикалық акция халық көп жиналатын орындарда, соның ішінде сауда орталықтарында өткізілді. Акцияның мақсаты – полиция мен халық арасындағы ашық диалогты кеңейтіп, кері байланыс тиімділігін арттыру.
Көптеген сұрақ жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау, жол белгілерін орнату және өзге де жол инфрақұрылымын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болды. Полицияның тиісті бөлімшелерінің мамандары тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, көше-жол желісінің белгілі бір учаскелерін қайта жабдықтау мүмкіндігі туралы нақты түсініктемелер берді.
Облыстың бір қарт тұрғыны тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді. Ол ондаған жыл ауыл мектебін басқарғанын айтып, бұрын жол белгілерін орнату қиын болғанын еске алды. Қазір бұл жұмыстар жедел жүргізіліп, мектеп маңы техникалық талаптарға сай жол белгілерімен және жасанды кедергілермен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Осындай қабылдаулар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері тұрғындармен түрлі арналар арқылы байланыс орнату – "Заң және тәртіп" идеологиясы аясында полицияның ашықтық қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.