Ақмолада ҚАЖД қызметкерлерінің дене шынықтыру, жауынгерлік және атыс даярлығы қорытындыланды
Ақмолада ҚАЖД қызметкерлерінің дене шынықтыру, жауынгерлік және атыс даярлығы қорытындыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-ның №1 мекемесінде жеке құрамның дене шынықтыру, жауынгерлік және атыс даярлығы бойынша жыл сайынғы тексеріс өткізілді.
Бұл іс-шара – қызметкерлердің кәсіби шеберлігін, кез келген жағдайда қызметтік міндеттерді орындауға әзірлігін бағалаудың маңызды кезеңі. Тексеру барысында қызметкерлер төзімділік, күш пен ептілік бойынша нормативтерді орындап, қашықтыққа жүгірді, тартылу және итерілу жаттығуларын жасады.
– Әрбір қызметкер үшін мықты дене дайындығы – табысты әрі қауіпсіз қызметтің кепілі. Себебі күнделікті жұмыс барысында түрлі күрделі әрі күтпеген жағдайларға тап болуымыз мүмкін, – деді мекеме бастығының орынбасары Абай Ахметжанов.
Жауынгерлік дайындық шеңберінде арнайы құралдарды және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін дұрыс қолдану, сондай-ақ топ құрамындағы іс-қимылдардың үйлесімділігі тексерілді. Қызметкерлер табельдік қарумен ату жаттығуларын орындап, дәлдігі, жылдам әрекет ету қабілеті және ең бастысы – қаруды қауіпсіз қолдану дағдылары бағаланды.
Тексеру қорытындысында әр қызметкер өз нәтижесін саралап, жетістігі мен әлсіз тұстарын объективті бағалауға мүмкіндік алды. Жаттығуларды мінсіз орындағандар да болды, сондай-ақ қосымша дайындық қажет екенін түсінген қызметкерлер де кездесті.
– Жалпы алғанда, жеке құрам жақсы нәтиже көрсетті. Дегенмен әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Ең қуаныштысы – жас қызметкерлердің өздері үздік болуға, шынығып, кәсіби тұрғыда өсуге ұмтылып отырғаны, – деп қорытындылады мекеме бастығы Шыңғыс Тоқтаров.