Семейлік сотталған қыздың жаңа өмірге қадамы
Семей қаласының 21 жастағы тұрғыны есірткі үшін сотталып, жазасын өтегеннен кейін жаңа өмір бастауға бел буды. Пробация қызметінің қолдауы мен өз ерік-жігерінің арқасында ол өткен қателіктерін мойындап, өзгелерге сабақ боларлық өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Семей қаласының 21 жастағы тұрғыны жазасын өтеп, бас бостандығынан айыру орнынан босатылғаннан кейін Затон ауданының пробация қызметіне есепке алынды. Онымен тәрбие және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әңгіме барысында ол өз өміріндегі ауыр сабақтар мен жасаған қателіктері туралы ашық айтты.
— Бас бостандығымнан айырылған сәтте өмір тоқтап қалғандай болды. Ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмадым. Бірақ мекеме қызметкерлерінің қолдауының арқасында бәрін қайта бастауға болатынын түсіндім. Енді тағдырым өз қолымда екенін білемін. Еңбек етіп, артқа қарамауға тырысамын және адамның өзгеруі мүмкін екенін дәлелдегім келеді. Жас қыздарға айтарым — жеңіл ақша мен жалған уәдеге сенбеңіздер. Нағыз махаббат – қымбат сыйлықтар мен жылдам табыс емес. Егер мен ата-анам мен достарымның кеңесіне құлақ асқанда, өмірім басқаша болар еді. Өзіңізді қорғаңыздар, еркіндіктің бағасы — баға жетпес, — деді ол.
Босатылғаннан кейін де ол қолдаусыз қалған жоқ. Пробация қызметкерлері оған жұмысқа орналасуға көмектесіп, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетті. Қыз қоғамға бейімделіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.
Семей қаласының Затон ауданы пробация қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Тұрарқановтың айтуынша, олардың жұмысы жазасын өтеп шыққан азаматтарға жаңа өмірге бейімделуге жағдай жасауға бағытталған:
— Біз тек бақылау жүргізіп қана қоймай, адамдарға өмір жолын түзетуге, қайта құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектесеміз. Есептегі азаматтарға әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіруге, жұмысқа орналасуға, қоғамға бейімделуге қолдау көрсетеміз. Басты мақсат — әр адамға жаңа мүмкіндік беру, — деді ол.
Пробация қызметінің жұмысы дәл осындай азаматтарға өмірін қайтадан құруға, өткен қателіктерді қайталамауға және қоғамға пайдалы тұлға ретінде оралуға жол ашады.