Қарағандыда полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді
Қарағандыда полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері №62 жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған "Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу" тақырыбында қауіпсіздік сабағын өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы жауапкершілік жөнінде түсінік қалыптастыру және интернет кеңістігінде, сондай-ақ күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін нығайту.
Кездесуге 8-11 сынып оқушылары қатысты. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік инспектор Жанна Оспанова жасөспірімдерге құқық бұзушылық түрлері мен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жасы туралы айтып берді. Ашық диалог форматында өткен сабақта оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, белсенді пікір алмасты.
Сонымен қатар Орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Жасұлан Ахметбеков пен криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұрхат Нұрғалиев интернет қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер желідегі алаяқтықтың кең тараған түрлері мен қорғану тәсілдерін түсіндіріп, оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
Кездесу барысында оқушылар өз туыстары тап болған интернет-алаяқтық оқиғалары туралы айтып, пікірталасқа белсенді қатысты.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жеке қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.