Алматы облысында полицейлер мал ұрлығына қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Талғарда полицейлер мал ұрлығының алдын алу жөнінде шаруа қожалық иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаске жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мал бағумен айналысатын шаруа қожалықтарының иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлер бірқатар ауылды аралап, жануарларға тиісті құжаттарды тексеріп, сондай-ақ шаруалар мен ауыл тұрғындарына мал ұрлығының алдын алу шараларын түсіндірді. Сонымен қатар азаматтарға мал тасымалдау ережелері мен ветеринариялық талаптарды сақтау қажеті ескертілді. Кездесулер барысында полицейлер мүліктің сақталуы көбіне мал иелерінің өзіне және төрт-түліктің қауіпсіздігіне деген мұқият көзқарасына байланысты екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұруы шарт. Ал олардың басты мақсаты ауылдық жерлердегі мүліктік қылмыстар деңгейін төмендету мен полиция мен халық арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, – деп түйіндеді ведомство өкілдері.