Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі полиция бөлімшелеріндегі жөндеу жұмыстарын тексерді

Түркістан облысының бас полицейі полиция бөлімшелеріндегі жөндеу жұмыстарын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қызметтік іссапармен Сайрам және Түлкібас аудандарына барды. Сапар барысында ол полиция ғимараттары мен бөлімшелерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Сайрам ауданында департамент бастығы облыстық патрульдік полиция батальонының ғимаратында болып, мердігер ұйым өкілдерімен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін талқылады. Сонымен қатар қызметтік кабинеттерді, көші-қон қызметі мен өзге де бөлімшелердің жағдайын қарап, саптық алаң мен басқа да қызметтік үй-жайларды аралап шықты.

Бұдан кейін Мұрат Қабденов Түлкібас ауданының таулы аумағында, Жамбыл облысымен шекарада салынып жатқан "Шақпақ баба" жаңа шекара бекетінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа нысан қыста қатты жел соғатын өңірдің климаттық ерекшеліктері ескеріле отырып салынуда. Бекет заманауи жабдықтармен, бейнебақылау жүйесімен, автотұрақпен және жеке құрамның тиімді қызмет атқаруына қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Департамент басшылығының айтуынша, бұл жоба полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасайды, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.

Құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың жеке бақылауында.

Полиция өкілдері атап өткендей, материалдық-техникалық базаны жаңарту және заманауи еңбек жағдайларын жасау – қызмет тиімділігін арттыруға әрі азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру