"Тасымалдаушы" ЖПІШ: Павлодарда полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алды
Павлодарда полицейлер "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде 200-ге жуық құқық бұзушылықтың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты негізінде өткізіліп жатқан "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасында 200-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. 67 жағдай – қауіпсіздік белдігінің қолдану талаптарын сақтамау, 6 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған, 31 жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған, 4 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, 29 жағдай жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған, 20 жүргізуші көлікті рұқсатсыз қайта жабдықтаған. Сонымен қатар 4 жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан. Ал 9 жүргізуші міндетті техникалық байқаудан өтпеген. 14 көлік айыптұраққа қойылды.
Павлодар полиция департаментінің хабарлауынша, полицейлер Олжабай батыр көшесінде Hyundai Accent көлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісі жолаушыларды тасымалдап, қосымша арқылы такси қызметін көрсеткен. Осылайша, ол тиісті рұқсат пен тіркеусіз заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
Полицейлер заңсыз тасымалдау қызметтерін пайдалану жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.