Абай облысында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды
Абай облысында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңір бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық көлікте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушыларды тасымалдау саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Профилактикалық шара барысында көлік жүргізушілері тарапынан 232 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Деректерге сүйенсек, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың – 2 дерегі, жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау қағидаларын бұзудың – 3 дерегі, қауіпсіздік белдігін тақпау және мотошлемді пайдаланбаудың – 123 дерегі, көлік құралын басқару кезінде телефон немесе радиостанция қолданудың – 44 дерегі, техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқарудың – 32 дерегі және рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті жүргізудің 5 дерегі анықталды.
Аталған іс-шара – жолаушыларды тасымалдау қызметін ретке келтіріп, жолда жүру мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар қоғамдық көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру арқылы жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған іс-шара.
Абай облысының полицейлері көлік жүргізушілерін және тасымалдау қызметімен айналысатын тұлғаларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал жолаушыларды тек ресми, заңды тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға шақырады.
Қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ міндеті. Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған әрбір азаматқа заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
