Екі тағдырды сақтап қалған полицейдің ерлігі
Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында қызмет атқаратын полиция майоры Қадырбек Исин 2025 жыл аяқталмай жатып, екі адамның өмірін сақтап қалып, жанқиярлықтың, кәсібиліктің және батыл шешім қабылдаудың жарқын үлгісін көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыркүйек айының 1-інен қараша айының 1-іне дейін елімізде өтіп жатқан республикалық "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында учаскелік инспекторлар үйлер мен пәтерлерді аралап, тұрғындармен тікелей байланыс орнатуда. Мұндай сәттерде дәл осы инспекторлар көп жағдайда ең алдымен көмекке келетін жандар.
Көктем айында Қадырбек Исин Мамлютка қаласындағы Маяковский көшесінде түтінге толған үйден ер адамды аман алып шықты. 43 жастағы тұрғын темекі шегіп, ұйықтап кеткен. Түтін бөлмеге толып, үй иесі тұншығып қалуға шақ қалған сәтте инспектор дер кезінде жетіп, оны қауіпсіз жерге шығарды. Жылдам әрекет пен кәсіби рефлекс адамның өмірін сақтап қалды.
Арада бірнеше ай өткенде, қыркүйектің басында, полиция майоры төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарды. Қайық аударылып, бала көлдің ортасына қарай кетіп бара жатқан. Қадырбек Исин ойланбастан киімін шешіп, мұздай суға секіріп, жүз метрден астам жүзіп өтіп, жеткіншекке бірінші болып жетті. Оның батылдығы мен құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында жасөспірімнің өмірі аман қалды.
Екі жағдайда да полиция майоры өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің өмірін сақтап қалды.
38 жастағы Қадырбек Исин — бес баланың әкесі. Ол өз әрекетін ерлік деп есептемейді:
- Біздің міндет — адамдарға көмектесу. Біреу қиындыққа тап болса, көп ойланбай әрекет ету керек, – дейді Қадырбек.
Оның пікірінше, мұндай істер мақтан үшін емес, учаскелік инспектордың күнделікті қызметінің бір бөлігі ғана. Өйткені нағыз полицейдің борышы — адамдарға қауіп төнген сәтте жан аямай көмек көрсету.